Отырыс барысында Саясат Нұрбек Жоғары оқу орындары қауымдастығының бұған дейінгі отырыстарында талқыланған көкейкесті мәселелердің шешілу барысы туралы баяндап, еліміздегі жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамытудағы алға қойылған міндеттері туралы айтты.
"Бүгінгі күннің басты талабы — сапалы мамандар даярлау екендігі бәрімізге белгілі. Сол себепті баршамыз ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім мен ғылымды дамыту бағытындағы тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға жұмылуымыз қажет. Енді кезекте сан қумай, сапалы маман даярлау талабы күшейеді. Осы бағытта жұмыла жұмыс атқаруымыз керек" — деп сөзін қорытындылады министр.
Жалпы жиналыста ректорлар жоғары оқу орындарының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орны, халықаралық әріптестік тәжірибелері мен білім беру бағдарламаларын дамытудағы стратегиялық міндеттер туралы баяндамалар тыңдап, жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Қауымдастықтың Жалпы жиналысы соңында еліміздегі академиялық білім беру жүйесін дамыту, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, халықаралық байланыстарды дамыту және өңірлерді сапалы кадрлармен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері туралы қарар қабылдады.