Инженерлік сайыстың мақсаты — оқушылардың инженерлік интеллектуалдық потенциалын қалыптастыру, ғылыми-техникалық мамандықтарға баулу.
Сайыс екі категория бойынша өткізіледі: CanSat, Inventors. Абай облысынан екі команда екі категория бойынша іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, финалға жолдама алды.
CanSat категориясында қатысушылар алдымен ракет жобасын жасаса, қалған кезеңде 3 бөлікті құрастырады: ракета, серік (спутник) және жердегі басқару стансасы. Бұл категория бойынша финалға өткен Аягөз ауданы Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназия оқушылары "WALL-E" командасының мүшелері: Бекнұр Айдарбек, Ақылжан Ерланұлы, Әділжан Ермұқашев.
Inventors категориясында қатысушылар ғарыш технологияларын қолданып жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын жасап шығарады. Жобаны ғылыми көрмеде қорғайды. Бұл категория бойынша финалға өткен «ZeroWasteWarriors» командасының мүшелері: Нұрсая Думан, Жанель Тоқанова, Шырай Тұсұпқан.
Арнайы номинациялар жеңімпаздары мен иегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталады және жетекші университеттерге гранттар табысталады, сондай-ақ жеке және мемлекеттік ғарыш компанияларында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.
Команда жетекшілері физика және информатика пәндері мұғалімі Меруерт Кунусова және биология пәні мұғілім Гульнур Мухамедярова.
Халықаралық сайыс 20-24 шілде аралығында Астана қаласы Назарбаев университетінде өтеді. Сайыс ұйымдастырушысы «Beyond Curriculum» қоғамдық қоры.
Сурет: Абай облысы Білім басқармансының баспасөз қызметі