Тоқаевтың тұсында әлеуметтік әділдік пайда болды ма?

Сарапшылар Қазақстанда олигархиялық экономикалық үлгі әлі де сақталып отыр деп санайды

2022 жылдың 25 қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып қайтадан сайланды. Сол кезде ол миллиондаған қазақстандыққа кірісті әділ бөлуге және олигополиялық капитализммен күресуге уәде берді.

Сарапшылар сайлаудан кейінгі екі жылда елдің экономикалық үлгісі өзгермегенін, теңсіздіктің артуына ықпал етіп отырғанын және ресурс негізінен аз ғана олихаргтың қолында қалып отырғанын айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші рет 2019 жылдың маусым айында сайланды. Алайда, шынайы билікті 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ғана қолына алды, ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға кезінде 238 адам қаза болды.

Осы оқиғадан кейін Тоқаев Қазақстанның экономикалық жүйесі ЖІӨ-нің жалпы өсімі бойынша жақсы көрсеткішке ие болғанына қарамастан, экономикалық игіліктердің бөлінісі «тиімсіз» күйінде қалып отыр деп ашық мәлімдеме жасады.

«Сіздер мұны жақсы түсініп, біліп отырсыздар. Экономикалық өсімнің негізгі пайдасын қаржы-олигархиялық топтар көріп отыр», – деді Тоқаев.

Бірінші сайланған кезінде іркілудің себебін көргенін және реформаны қолға алуға тырысқанын, бұл «биліктегі әлдебір топқа» ұнамағанын айтып сендірді. Қазақстанның екінші президенті ешқашан, еш жерде оның кім екенін ашып айтқан жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев «жаңа» және «әділ» Қазақстан жобасын ұсынып, соның аясында кіріс әділ бөлініп, азаматтардың табысы артады деп уәде берді.

2022 жылғы сайлау алдында: «Жұмыс істегісі келетін және жұмыс істей алатын адам лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж әр жанға мемлекет пен қоғам қолдау көрсетеді», – деп уәде берді. 2022 жылдың қараша айында өткен сайлауда Тоқаев, ресми нәтиже бойынша, 81,31% дауыспен жеңіске жетті. Алайда халықаралық ұйымдар бұның «баламасыз» сайлау болғанын айтты.

«Жаңа» саяси бағыттың негізгі элементі салық салудың прогрессив жүйесі, байларға көбірек салық салу, жалақыны көбейту, денсаулық сақтау саласы мен зейнетақы реформасы, шетелге заңсыз шығарылған активті қайтару, сонымен бірге «Қазақстан халқына» және «Ұлттық қор – балаларға» сияқты түрлі қорлар мен бастамалар болуы керек еді.

«Жалпы, бұл мәселені (теңсіздікті – В.) Назарбаев та, Тоқаев та жақсы көретін, – дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев «Власть» тілшісіне. – Тек 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан билік қатты қорқып қалғандықтан, Тоқаев әлеуметтік әділдік тезисін негіз етіп алды. Саяси технологиясы аясында қоғамның белгілі бір сеніміне ие болу үшін дәл осы тезистерді ұсыну керек болды».

Қаңтар оқиғасы кезіндегі Республика алаңы, суретті Алмас Қайсар түсірген

Тоқырау

Қазақстан халқының табысына қатысты сын-ескертпелерден кейін «Халықтың табысын арттыру бағдарламасы» қабылданды, бағдарлама 2029 жылға қарай ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесін 41,1%-ға дейін көтеруді (2022 жылғы көрсеткіш 30,1%) және 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыруды мақсат тұтты.

Қазірдің өзінде бұл бағдарлама алға қойған мақсатынан кешеуілдеп жатыр. Бағдарлама бойынша 2024 жылы ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі 36,4%-ға дейін көтерілуге тиіс болатын. Алайда, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, қаңтар–маусым айларында ол көрсеткіш 32,3% ғана болды.

Бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы көтерілгеніне қарамастан (2022 жылы 75% және 2023 жылы 100%), Halyk Finance сарапшылары 2023 жылдан бастап білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару саласында жалақының төмендегенін көрсетіп отыр.

Жұмыссыздықпен күрес мәселесіне келсек, Еңбек министрлігі жыл сайын аймақтың еңбекпен қамту картасы шеңберінде 900 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып жатыр деп есеп береді. Алайда биыл мәжілісте жаңа жұмыс орындарының 87%-ы өнімділігі төмен салаларда ашылатынын және уақытша сипатқа ие екенін мәлімдеді.

Тағы бір шешімін таппаған мәселе қызметкерлердің 9%-ының ғана жалақысы жоғары салаларда қызмет ететіні, ал жұмысшылардың 50%-ынан астамы еңбек етіп жатқан бюджет секторында жалақы орташадан төмен екені және шын мәнінде төмендеп жатқаны болып отыр.

Экономист, «Финансовый капитализм и неравенство доходов в современной глобальной экономике» кітабының авторы Қуат Әкіжанов еңбекақының төмендігі мен жұмыссыздық мәселесі шешілмей отыруының себебін саяси элитаның елдегі экономикалық үлгіні өзгерткісі келмеуінен көреді.

«Бізде активтің бәрі ат төбеліндей топтың қолында, пайданы солар көріп отыр. Бізге оны қайта бөлумен айналысу керек қой. Шын мәнінде қайта бөлу бар, бірақ ол бір ғана бағытта, 1%-ды байыту үшін жүреді. Енді осы қайта бөлу арналарын 99%-дың игілігіне қарай бағыттау керек. Мысалы, әлеуметтік бағдарламаларды көбейту, жалақыны көтеру. Алайда біздің үкімет ірі бизнестің жетегінде кетуді жалғастырып отыр», – дейді ол.

Түркістан, суретті Алмас Қайсар түсірген

Әкіжановтың түсіндіруі бойынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ неолиберал капитализм идеологиясы басшылыққа алынып, солардың бағдарламасын бағдар еткендіктен, үкімет «жаңа экономикалық даму парадигмасын» ұсына алмайды.

Әлеуметтік теорияларды зерттеуші Ғалым Жүсіпбек төменгі жалақы мен басқа да әлеуметтік құқықтардың көрсеткіші «адамның абыройы» болуы керек дегенді қосады. Алайда олардың қазіргі жағдайы бізде әлеуметтік мемлекет орнамағанын көрсетеді.

«Қазіргі 80 мың теңге жеткіліксіз. Төменгі жалақы адамның жайлы өмір сүруіне жеткілікті болуы керек. Егер ондай болмаса, елде адамның абыройы қорғалып отырған жоқ деген сөз», – дейді ол.

Соған қарамастан Тоқаев Қазақстанның экономикасы жыл сайын 6% өсім көрсетіп, 2029 жылға қарай 450 млрд долларға жетуі керек деп мәлімдеумен келеді (2023 жылы – 261,4 млрд доллар).

«ЖІӨ-ні екі еселеуді негізгі бағыт етіп алудың өзі дұрыс емес, себебі ол халықтың әл-ауқатының көтерілуіне, экономикалық құрылымдық көрсеткіштерінің жақсаруына әкелмейді. Бұл жағынан 30 жылда аса өзгеріс жоқ. Дүниежүзілік банктің бөлуі бойынша, біз табысы ортадан жоғары елдер қатарына жатамыз. Ал нақты сандар бойынша тіпті де солай емес. Бізде 100 шақты адам экономиканың үштен бірін бақылауында ұстап отыр, шындық осы», – дейді Әкіжанов.

Тоқаев 2023 жылы ЖІӨ өсімі 5,1% болғанын айта келе, үкімет елдің «жағымды даму қарқынын» сақтап қалғанын айтқан болатын. Ал Halyk Finance сарапшылары жалақы өсуінің көптеген саладағы экономикалық өсімге қатысы әлі де әлсіз екенін көрсетіп отыр.

«Ол әсіресе айтарлықтай өсім бар саланың бірі саналатын құрылыста қатты байқалады, ал шынайы жалақы азайған», – дейді сарапшылар.

Жеке табыс салығының прогрессив жүйесіне келсек, мемлекеттік органдарда үнемі пікірталас болып жатады, бұл шара көлеңкелі экономикаға жол ашуы мүмкін дейді. Ал байлыққа салық салу әлі енгізілген жоқ, себебі жаңа Салық кодексін қабылдау 2025 жылға қалды.

«Елдегі аса бай адамдар осы дәрежесін сақтап қалғысы келетінін көріп отырмыз. Олар Lamborghini мініп, пентхауста тұрғаны үшін артық ақша төлегісі келмейді. Ал салық салудың прогрессив жүйесі көптеген дамыған елде бар, қалыпты экономикалық демократия тетігі», – дейді Әкіжанов.

Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі, сурет Ақорда сайтынан алынған

Биліктің ойынша азаматтардың табысын арттыруға тиіс бұл шаралардың барлығы басқа шешімдердің тасасында қалып, ақырында халықтың сатып алу қабілеті одан сайын төмендеп бара жатыр.

2023 жылы бюджет тапшылығы 2,2 трлн теңге шамасында болды (Ұлттық қордың трансфертін есептемегенде – 11,6 трлн теңге), осыған орай «тізгінді тарту» саясаты қолға алынды: мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің шекті бағасын белгілеуден бас тартып, ірі бизнестің өтінішіне орай, коммуналдық шығын тарифі мен отын бағасын көтеруге келісіп отыр.

Ал халықтың талабына келсек, мәселен, утильалымды алып тастау, зейнетақы жасын төмендету, жалақыны көтеру және еңбек кодексіне өзгерту енгізу мәселесінде мемлекет не жұмыс істеп жатқан кейіп танытады, не бұл талаптарға мүлдем құлақ аспайды.

«Назарбаевтың кезіндегі жүйе корпоративтік сипатта болатын, номенклатура мен қаржы-өнеркәсіп топтары тығыз байланыста еді. Сондықтан ірі бизнес пен билік өкілдерінің мүддесі бірінші орында болды, олардың үні жететін жерге жетіп жатты, ал азаматтық қоғам өкілдерінің үні жетпеді. “Бар жақсы достарымызға, ал қалғанына заң бойынша” деген тіркес бар. Осы ереже Тоқаевтың кезінде де сақталып отыр», – деп санайды Сәтбаев.

Президент болса, еңбек нарығы мен экономикадағы жағдайға қатысты жауапкершілікті халықтың өзіне артып, консерватив риторикаға оралып отыр.

«Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік», – деді Тоқаев.

Оның үстіне, сарапшылардың сөзіне сүйенсек, әлеуметтік әділдікке қол жеткізу жолындағы маңызды құрал кәсіподақтар, олар кәсіпорын деңгейінде жұмысшы мүддесін көздеумен шектелмей, мемлекеттік деңгейде де осы бағытта жұмыс істеуі керек. Алайда Қазақстандағы кәсіподақтар әлі де мемлекеттің бақылауында жұмыс істейді, ал тәуелсіз ұйымдар қуғынға ұшырайды.

«Біздегі мәселе осы режимнің құрылымдық жүйесінен туып отыр деп ойлаймын. Бізде кәсіподақ пен әлеуметтік саясатты кедергі деп қарастырады. Ал олар шын мәнінде прогрессив әлеуметтік саясат жүргізу мен елдегі негізгі құқықтарды қорғаудағы маңызды құралдар», – деп санайды Ғалым Жүсіпбек.

Нәтижесінде, Ұлттық банктің мәліметі бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтіндердің кедейлігіне қатысты жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Қазақстанның он тұрғынының тоғызының айлық табысы 151 мың теңгеден аспайды. Статистика 1 миллионға жуық қазақстандық кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын көрсетіп отыр, олардың табысы 45 мың теңгеден аз (90 доллар). Ал кейбір сарапшылар елдегі кедейлердің үлесі бұдан әлдеқайда көп деп есептейді, олар мемлекеттің кедейлік шегін есептеуі қате деп санайды.

Табысты әділ бөлу деген әңгімеге Forbes Қазақстан басылымының деректері де қарама-қайшы. Биылғы мамыр айында басылым елдегі 75 бай бизнесменнің жалпы байлығы 8,2 млрд долларға артып, 46,63 млрд доллар болғанын хабарлады.

Halyk Finance аналитиктері табыс халықтың 10%-ының қолында шоғырланғанын, жиынтық кірістің 25%-ға жуығы солардың қолында екенін, ал халықтың 50%-ының табысы 2023 жылғы төменгі жалақы – 70 мың теңгеден аспайтынын көрсетіп отыр.

Бұған қоса, мұнай-газ секторы сияқты еңбекақы жоғары деген саланың өзінде жұмысқа қатысты кикілжің мен наразылық шерулері толастамай тұр.

Атырау, суретті Алмас Қайсар түсірген

Halyk Finance сарапшылары, сондай-ақ, табыс теңсіздігіне қатысты қазіргі статистика «тым күмәнді» екенін айтады. «Статистика сауалнама нәтижесіне сәйкес жасалады, ал бізде байлық теңсіздігі деген статистика атымен жоқ. Байлықтың теңдей бөлінбейтінін көрсететін жалғыз дереккөз сырттағы мәліметтер», – дейді мамандар.

Мамандар БҰҰ кіріс пен байлықтың бөлінісі туралы мәліметтердің сапасын бағалау үшін жасаған теңсіздіктің ашықтығы индексінде (Inequality Transparency Index) Қазақстанға 20 ұпайдан 3 деген баға берілгенін айтады.

«Мен үшін “жаңа Қазақстан” деген түсінік жоқ, – дейді Глазго университетінде еуразиялық зерттеу жүргізумен айналысатын Лука Анчески. – Қайта бөлу бағдарламасы жүзеге асқан жоқ. Экономиканың құрылымы өзгеріссіз қалды, ол әлі де мұнайдан түсетін табысқа арқа сүйейді, үкімет пен ірі бизнестің қарым-қатынасы түсініксіз, ал энергетика секторынан түсетін пайданы Қазақстанның жалпы халқына жеткізу әлі де мүмкін болмай отыр».

Жүйе өзгерген жоқ

«Кедейлік артып келеді, Қазақстан қоғамындағы кедей топқа жататын жандардың көпшілігі мемлекеттің әлеуметтік қорғау бағдарламасынан тыс қалып отыр. Менің бақылауым бойынша, айтылуын айтылғанмен, Қаңтар оқиғасынан кейінгі жылдары әлеуметтік саясатта айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Тоқаев президенттікке келген кезде үлкен әлеуметтік-экономикалық өзгеріс болады деп күткенмен, ол үміт ақталған жоқ деп ойлаймын», – дейді Анчески.

Ол үкімет пен Қазақстандағы олигархиялық топтардың қарым-қатынасы да өзгерген жоқ деп есептейді.

«Назарбаевтың соңғы (басшылық еткен – В.) жылдары демократиядан алыс клептократиялық жүйе болды. Дәл осы жүйе 2019 жылдан кейін де жалғасын тапты. Өзгерген жалғыз ғана нәрсе жаңа адамдар мен жаңа клиенттердің пайда болуы», – дейді ол.

Анчески «назарбаевшылдықтан» бас тарту талпынысы кейбір бизнесмендердің тақтан түсіп, жаңа олигарх топтардың су бетіне шығуына ғана алып келді деп санайды.

«Әлбетте, мемлекет әлдебір әрекетке барғандай болды, бірақ оның әсері болған жоқ, – дейді Досым Сәтбаев. – Тоқаев жүйесінде әзірге нақты істен гөрі ұрандар басым болып тұр. Президент Назарбаевтан қалған ең үлкен мәселені шешкен жоқ – қазіргі экономика қазақстандықтардың қолында емес. Ол әлі де олигархтардың уысында».

Әкіжанов экономика саласындағы жағдай ушыға түседі деп санайды. Ол «үнемі пайыздық ставканы көтеріп, ұлттық өндірісті тұралатып отырған Ұлттық банктің саясаты мен толассыз девальвация салдарынан» халықтың табысы кеми түседі деп отыр.

«Бұл мүліктік поляризацияның артуына алып келеді, – дейді ол. – Саяси жүйе қалыптасқан жағдайға байланысты өзгерісті бастан кешеді. Қазіргі авторитар клептократия плутократияға, яғни байлардың билігіне ауысады. Мәселен, келесі онжылдықта парламентте тек қана миллионерлер мен миллиардерлердің қолшоқпарлары отырады деп ойлаймын».

Ғалым Жүсіпбек мәселенің түпкі мәні Қазақстанда «адамның абыройы» мен оны қорғау әдістері және оған ықпал ету жолдары туралы пікірталас болмауында жатыр деп санайды.

«Әр адамның абыройы бар, ол біреуден төмен не жоғары емес. Әлеуметтік құқық дегеннің өзі әлеуметтік мемлекетте адамның абыройын қорғау дегенді білдіреді. Алайда бізде әлеуметтік саясатты адам құқығы жағынан емес, неолиберализм тұрғысынан қарастырады. Ал неолиберализм бойынша әлеуметтік саясат керек емес, ол мемлекетке артық салмақ», – дейді ол.

Анчески халықтың кедейліктің өсуі мен теңсіздікке қатысты көзқарасы қайғылы оқиғалармен сипатталатынын айтады, мысалы, 2019 жылғы Астанадағы өрт (Назарбаев үкіметті ауыстыруға мәжбүр болды) немесе 2022 жылғы сұйытылған газ бағасының өсуіне қарсы Жаңаөзендегі наразылық сияқты кенеттен болған оқиғалар. Соңғысы Қаңтар оқиғасының бастауы болды.

«Режим оппозицияның көзін жойып, елдегі бөтен ойлыларды қудалағандықтан, Қазақстан қоғамы әлеуметтік-экономикалық саясатқа қатысты келіспеушілігін осындай жергілікті қарсылықтар арқылы көрсетеді», – дейді зерттеуші.

Сәтбаев 2022 жылғы наразылыққа түрткі болған мәселелер шешімін таппағандықтан, мұндай оқиға қайталануы мүмкін деп санайды.

«Қазақстандағы наразылық ешқайда жоқ болып кеткен жоқ. Бар болғаны ол саяси оппозициялық партиялар мен қозғалыстардың күн тәртібінде жоқ. Жаңаөзендегі, Шаңырақтағы немесе жер митингі сияқты жергілікті наразылықтың бәрі билік жағдайдан бейхабар екенін және билік өз кеңістігінде, ал халық басқа әлемде өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Тоқаевқа ел басшылығы мұраға қалды. Ал әлеуметтік теңсіздікке түрткі болған себептер жойылып кеткен жоқ», – дейді саясаттанушы.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть