Доллар жазда 530 теңгеге жетуі мүмкін-сарапшы

Теңге жаздың ортасына дейін әлсіреуін жалғастырады. Мұндай болжамды LS-ке Freedom Finance Global сарапшысы Ансар Әбуев айтты.

LS тілшісіне берген сұхбатында ол ұлттық валюта үшін алда әдетте әлсіреу байқалатын кезең басталатынын айтты. Бұл кезеңге жазғы демалыс маусымы, шетелдік акционерлерге дивиденд төлеу және сыртқы қарыздарды өтеу себеп болады.

"Теңгені маусымдық жағынан қолдайтын негізгі фактор- мамыр айындағы салық төлемдері. Дегенмен, бұл жолы оның ақпан айындағыдай күшті әсері болмайды деп болжануда. Ал доллардың қымбаттауына мұнай бағасының төмендеуі және Қытай мен АҚШ арасындағы сауда байланыстарының жақсаруы аясында әлемдік нарықта америкалық валютаның күшеюі ықпал етуі мүмкін", – деді Ә. Әбуев.

Оның айтуынша, Freedom Finance Global-дың USD/KZT жұбына қатысты болжамы өзгеріссіз қалып отыр – жаздың ортасына дейін доллар 530 теңгеге дейін нығаюы мүмкін.

Сарапшы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің валюта бағамына әсеріне де баға берді. Ол мамырда шетел валютасын сату көлемі сәуірде мәлімделген көрсеткіштерге сәйкес болатынын айтты.

"Болжам жасалмаған операциялардың қалған бөлігінің өткен аймен салыстырмалы түрде болатынын болжап отырмыз. Осылайша, операциялар көлемі мен олардың мамырдағы валюталық бағамға әсерінде айтарлықтай өзгерістер күтілмейді", – деп түйіндеді Ә. Әбуев.

Оның айтуынша, сәуірде валюта сатылымының таза көлемі шамамен $1,4 млрд құраған, бұл Freedom Finance Global есебі бойынша айлық сауда көлемінің төрттен бір бөлігіне жуықтайды.

"Дегенмен, теңгеге көрсетілген қолдауға қарамастан, өткен айда ұлттық валюта 2,5%-ға әлсіреді. Бұл 2024 жылдың IV тоқсанындағы жағдайға ұқсас, сол кезде Ұлттық банк операцияларының әсеріне қарамастан, теңге сыртқы факторлардың теріс ықпалынан әлсіреді. Қазіргі уақытта Ұлттық банк операциялары теңгенің белгілі бір деңгейде тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр, бірақ олардың негізгі мақсаты бұл емес", – деді сарапшы.

BCC Invest бұған дейін, Ұлттық қордан бөлінетін ірі трансферттердің мұнай бағасының төмендеуі мен сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында теңгеге девальвациялық қысым жасауы мүмкін екенін жоққа шығармаған болатын.