Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жергілікті су құбыры құдығынан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Марқұмның жақындарының айтуынша, оның денесі көгерген, ал мойнында жіптің іздері бар. Тәртіп сақшылары кісі өліміне күдікті ретінде марқұмның 15 жастағы туған інісін қамауға алды. Алайда қаралы отбасы бұл шешіммен мүлдем келіспейді және мектеп оқушысы өз ағасына қастандық жасауы мүмкін емес деп есептейді. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Бір ұлын жер қойнына тапсырып, екіншісін абақтыдан арашалай алмай отырған ата-ананың жағдайы ауыр. Мәліметтерге сүйенсек, 30 мамырда Мейіржан Рүстем үйінің ауласына төсек салып, далада түнеген. Бірақ таң ата 20 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Жақындары іздеу жұмыстарын бастап, тек бір тәуліктен соң су құбыры құдығынан оның мәйітін тапқан.
«Сыртында ала көрпесі болады. Соны көрпеге тұншықтырып енді, ол бір адамның ісі емес. Мен өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайыншы дедім. Сол кезде оның мына жерінің бәрінде көгерген дақ тұр. Ол бір адамның ісі емес. Ол жаны шығамын дегенше алысқан ғой ол 2-3 адаммен. 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр да», – дейді марқұмның анасы Кенже Дүйсенбиева.
Жақындары марқұмға туған інісі қол жұмсады дегенге сенбейді, өйткені тепсе темір үзетін ағасына оқушының шамасы жетпейтінін айтады. Шарасыз күй кешкен ата-ана бұл қылмысты бұған дейін үйден ақша ұрлап жүрген белгісіз тұлғалар жасауы мүмкін деп топшылайды.
«Үйде ақша ұрланып жатыр дедік. Екі күн бұрын подряд ақша ұрланса да, үйде ақша қай жерде тұрды деп те ешкім сұрамайды. Айтасың түнде үште күдікті жүрген деп, оны іздемейді. Айналып кішкентай балаға жабысып тұр ғой. Не істерімізді білмей қалдық. Баламның қайғысы жайына қалды. Қайғымыз мына бала болып кетті. Бұл балаға бір бәле қылып іліп жібере ме деп», – деп қынжылды марқұмның әкесі Ғани Жұпарбаев.
Қазіргі уақытта полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Ведомство өкілдері істің заң аясында жүргізіліп жатқанын алға тартады.
«Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қолданылуда», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.
Қанды қылмыстың нақты себептері мен жай-жапсары әзірге белгісіз. Құзырлы органдардан әділдік таппаған ата-ана ендігі кезекте арыз-шағымдарын тікелей Ішкі істер министрлігіне жеткізуге бекініп отыр.