Қазақстанда азаматтардың жеке деректерінің таралуына байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі LS-ке ресми сауалына жауап ретінде мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, Астана қаласының полициясы жеке өмірге қол сұғу және дербес деректерді заңсыз жариялау фактісі бойынша (ҚР ҚК 147-бап, 5-бөлік) – бұл әрекет БАҚ-та, телекоммуникация желілерінде не онлайн-платформаларда жасалған жағдайда- сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Қалған ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура басшылығына министрлер мен қарапайым азаматтардың жеке деректерінің Telegram-бот арқылы тарап кеткені туралы ресми сауал жолдаған еді.
Ол еліміз азаматтарының жеке мәліметтерінің кеңінен таралып, жаппай әрі жеке форматта саудаға салынуын өткір сынға алды.
М. Әбеновтің мәлімдеуінше, бот кез келген адамға Қазақстан азаматтарының жеке деректерін еш кедергісіз, тегін таратып отыр. Оның айтуынша, бұл мәліметтер Egov жүйесінен алынған болуы мүмкін және нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады. Онда азаматтардың туған күні, ЖСН-і, тұрғылықты мекенжайы, байланыс нөмірлері, отбасы мүшелері, сондай-ақ иелігіндегі пәтерлері мен автокөліктері туралы ақпарат бар.
Осы жағдайға байланысты депутат тиісті мемлекеттік органдарды жедел түрде шара қолдануға шақырды.